Әскердегі сарбазға хат
«Әскердегі сарбазға хат» республикалық жастар акциясы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған маңызды патриоттық іс-шара болып табылады. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, әскери қызметке деген құрметін нығайту және ардагерлердің ерліктерін ұлықтау мақсатындағы шара барысында 9-сынып оқушысы Ерланова Альбина өз хатын ұсынды.
Құрметті сарбаз аға!
Сізге еліміздің бір бұрышынан шын жүректен сәлем жолдаймын! Мен — Қазақстанның қарапайым оқушысы, ал Сіз — біздің Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген батыр жансыз. Сізге хат жазу — мен үшін үлкен мәртебе!
Сіздей ер жүрек сарбаздардың арқасында біз бейбіт өмір сүріп, білім алып, арман-мақсаттарымызды жүзеге асырып келеміз. Сіздер — біздің бейбіт күніміздің күзетшілері, болашағымыздың тірегісіздер.
Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың ерлігі Сіздердің бойларыңыздан жалғасып, биік рух, Отанға деген адалдықпен көрініс тауып жатыр. Сіздің әр күніңіз — ерлікке толы, ал Сіздің қызметіңіз — ұрпақ үшін үлгі.
Сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат, сарқылмас күш тілеймін! Отбасыңыз аман, жүрегіңізде тек үміт пен сенім болсын. Біз Сізді мақтан тұтамыз!
Отан үшін атқарып жатқан қызметіңізге мың алғыс! Жеңіспен, аман-есен елге оралыңыз!
Ізгі тілекпен, Альбина

